Ербол Қарашөкеев Тараздағы қант зауытының және қызылша, жүгері жинау жұмыстарымен танысты
Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жаңғыртудан өткен Тараз қаласындағы қант зауытының жұмысымен және Байзақ және Жамбыл аудандарындағы қызылша, жүгері егістіктерімен танысты.
Алдымен облыс әкімі қайта жаңғыртылып жатқан Тараз қант зауытына барды. Мұнда шаруалармен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлері мен көкейдегі сауалдарына жауап берді.
Кәсіпорынның өндірістік қызметін қайта жандандыру мақсатында 2025 жылдан бастап жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жобаның жалпы құны – 12,4 млрд теңге. Зауыт толық іске қосылғаннан кейін жылына шамамен 250 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге қауқарлы болады. Ал тәулігіне өндірістік қуаты 3 мың тонна қант қызылшасын өңдеуге жетеді.
Қазіргі уақытта негізгі өндірістік нысандарда құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп, қажетті шаралардың басым бөлігі аяқталған. Қант қызылшасын қабылдау, жуу, өңдеу, шырынды тазарту, сүзу, буландыру, кристалдандыру және центрифугалау желілеріне арналған негізгі технологиялық жабдықтар жеткізіліп, монтаждау жұмыстары атқарылуда.
Бүгінде зауытты іске қосуға дайындық деңгейі 95 пайызды құрайды. Жұмыстарды жеделдету үшін 10 мердігер ұйым екі ауысымда жұмыс істеуде.
Мемлекет тарапынан кәсіпорынға қажетті жер телімдерін рәсімдеу, газ және электр қуатының көлемін арттыру мәселелері бойынша тиісті қолдау көрсетілген.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес шикізатты қабылдау жұмыстары 25 қазаннан бастап бекітілген кестеге сай жүргізілуде. Қазіргі уақытта тәулігіне 1 000 тонна шикізат қабылдануда. Қараша айында бұл көрсеткішті кезең-кезеңімен арттыру жоспарлануда.
Ербол Қарашөкеев Жамбыл ауданының Қапал ауылындағы «Жанболат» шаруа қожалығының егістік алқабына барды.
Шаруашылық биыл 7,5 гектар алқапқа дәндік жүгері егіп, 53,3 тонна өнім жинаған. Орташа өнімділік гектарына 71 центнерге жеткен. Сонымен қатар 15 гектар жерге қант қызылшасы егілген. Аталған алқап бойынша жоспарланған өнімділік гектарына 800 центнерді құрайды.
2007 жылы құрылған шаруашылықтың материалдық-техникалық базасында 2 трактор, 1 шөп оратын комбайн, 1 жүк автокөлігі және 5 тіркеме бар.
Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлының мәліметінше, биыл ауданда 52 806 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 10 305 гектарға су үнемдеу технологиялары енгізілген. Атап айтқанда, 7 840 гектар алқапта тамшылатып, 2 825 гектарда жаңбырлатып суару технологиясы қолданылады.
Сондай-ақ 26 420 гектар алқапқа 9 985 тонна минералды тыңайтқыш енгізілген. Биыл 38 ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынып, техниканы жаңарту көрсеткіші 8 пайызды құраған.
Байзақ ауданындағы «Аспан Агро» шаруа қожалығында облыс әкімі жүгері алқабының әлеуетімен танысты.
Шаруашылық басшысы Саха Манатовтың айтуынша, биыл 600 гектарға дәндік жүгері, 400 гектарға қант қызылшасы, 400 гектарға көпжылдық шөп және 160 гектарға дәнді дақылдар орналастырылған.
1 000 гектар алқапты сумен қамтамасыз ету үшін 17 ұңғыма қазылып, ұзындығы 56 шақырым жерасты су құбырлары тартылған.
Қазіргі уақытта 450 гектардан астам дәндік жүгері алқабы жиналып, 4 мың тоннадан астам өнім алынған. Орташа өнімділік гектарына 90 центнерді құрайды.
Жалпы Байзақ ауданында 58 622 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Бүгінгі күнге дейін аудан бойынша 590 018 тонна ауыл шаруашылығы өнімі жиналды.
– Күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеуді дамытуға баса назар аударды. Әсіресе, экономиканың негізгі салаларын дамытуға, өнімді терең өңдеуге және еңбек өнімділігін арттыруға бағытталған жобаларға басымдық беруді тапсырды. Біз бұл бағыттағы жұмысты белсенді түрде жалғастырамыз.
Мәселен, биыл Шу ауданындағы жүгеріні терең өңдеу зауытын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында 25 600 гектар алқапқа жүгері егілді. Алдағы жылдары егіс көлемін 60 000 гектарға дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Ал Байзақ ауданында жыл сайын 1 000 гектарға дейін дәндік жүгері егілсе, биыл бұл көрсеткіш 4 000 гектарға жеткізілді. Осы орайда шаруаларды жүгері алқаптарын кеңейтіп, бірлесіп, белсенді жұмыс істеуге шақырамыз, – деді Ербол Қарашөкеев.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан әкімдіктеріне бірқатар нақты міндет қойды.
Атап айтқанда, Тараз қант зауытын жаңғырту жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтап, кәсіпорынды іске қосуға қажетті шараларды жеделдету тапсырылды. Сонымен қатар қант қызылшасын қабылдау, тасымалдау және өңдеу үдерістерін үйлестіру, шаруалардың өнім өткізуіне қолайлы жағдай жасау қажеттігі атап өтілді.
Аудан әкімдіктеріне егін жинау науқанын уақытылы аяқтау, ауыл шаруашылығы өнімдерінің ысырабына жол бермеу, жиналған өнімді сақтау және өткізу мәселелерін тұрақты бақылауда ұстау міндеттелді.
Бұдан бөлек, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту, минералды тыңайтқыштарды тиімді пайдалану және шаруашылықтардың өндірістік әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру тапсырылды.
Источник: КГУ «Аппарат акима Жамбылской области»
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка - https://t.me/gurkkz
- Последние
- Популярные
Новости по дням
29 октября 2026