Наш веб-сайт использует файлы cookie, чтобы предоставить вам возможность просматривать релевантную информацию. Прежде чем продолжить использование нашего веб-сайта, вы соглашаетесь и принимаете нашу политику использования файлов cookie и конфиденциальность.

Антқа адал: "Бейжай қарап тұра алмадым..."

gurk.kz

Антқа адал: Бейжай қарап тұра алмадым...

Погон тағу – жай ғана қызмет емес. Бұл – халықтың қауіпсіздігіне жауап беретін абыройлы міндет. Жауапкершілігі мол қызметтің сын сәтінде қаймықпай, азаматтардың қауіпсіздігі үшін өз өмірін қатерге тігетін батыл жандар бар. Солардың бірі – полиция майоры Жақсылық Сәрсенов.

Бұл оқиға жаз айында болған. Дәлірек айтсақ, 15 маусым күні Алакөлде демалып жүрген төрт адамның өміріне қауіп төнді. Көктұма ауылы маңында ауа райы күрт бұзылып, қатты жел сапбордтағы адамдарды жағадан шамамен 500 метрге алыстатып әкетті. Күшейген толқын олардың өздігінен кері қайтуына мүмкіндік бермеді.

Осы кезде Қайрат Инкежеков бастаған Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері кешкі дене жаттығуына шыққан еді. Көл ортасында жәрдем күткен адамдарды байқаған полицейлер дереу көмекке кірісті.

Жергілікті тұрғындар мұндай толқында суға түсу аса қауіпті екенін ескерткен. Қатты жел мен ағыс көмекке ұмтылған адамның өзін де алып кетуі мүмкін еді. Алайда полиция майоры Жақсылық Сәрсенов қауіпке қарамастан суға түсуге бел буды.

– Қолымызда арнайы құрал-жабдық болған жоқ. Тұрғындар да суға түспеуімізді сұрады. Бірақ адамдардың жағаға жете алмай жатқанын көріп, бейжай қарап тұра алмадым. Арнайы жасақта қызмет еткен соң, өз дайындығыма сеніп, суға түстім, – дейді ол.

Ал Қайрат Инкежеков жағдайды басшылық пен құтқару қызметіне хабарлау үшін жағада қалған. Сонымен бірге судан шығарылған адамдарға алғашқы көмек көрсетуге әзір тұрды.

Жақсылық алдымен жағаға жақын тұста қалған жасөспірім қызға жетіп, оны судан алып шықты. Артынша көлдің ішкері жағында қалған әйелге қарай қайта жүзді. Жүзу білмейтін әйел қатты абдырап, көзден таса болған қызын іздеп тұр екен.

– Суда қалған адамды жағаға алып шығу жеткіліксіз. Ең алдымен оның бойындағы үрейді басу керек. Қорқынышқа берілген адам не істерін білмей қалады. Сондықтан оған қызының аман екенін айтып, сабырға шақырдым, – деп еске алады Жақсылық.

Әйел жағаға жеткізілгеннен кейін көлде тағы екі адамның қалғаны белгілі болды. Жақсылық үшінші рет толқынға қарсы жүзіп, сапбордқа жармасып тұрған ерлі-зайыптыға жетті. Әйелде құтқару кеудешесі болмаған. Ал ер адам полицейден алдымен жұбайына көмектесуін өтінеді.

Екеуін бірден жағаға алып шығу мүмкін емес еді. Жақсылық әйелге құтқару кеудешесін кигізіп, екеуін де сабырға шақырды. Содан кейін құтқарушылар жеткенше оларды отыз минуттай суда демеп тұрды. Суық су, қатты жел мен толқынға қарамастан, демалушыларды қараусыз қалдырмады. Көп ұзамай "112" қызметінің мамандары келіп, үшеуін де жағаға алып шықты.

Жақсылық бала кезінен жүзу мен шаңғыны серік еткен. Кейін самбо, ауыр атлетика және пауэрлифтингпен айналысқан. Жылдар бойғы жаттығу мен шынығу сол сын сағатта оның бойына күш пен төзім берді.

Жақсылық Сәрсенов 2019 жылдан бері Жетісу облысы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында қызмет етеді. Бүгінде осы бөлімшенің аға инспекторы. Қызметте тәртіп пен жауапкершілікті бәрінен биік қойса, шаңырағында – екі баласына қамқор әке, отбасына тірек. Оның бұл мамандықты таңдауы да кездейсоқ емес: әкесі мен екі ағасы ішкі істер органдарында еңбек етеді. Жақсылық бүгінде отбасындағы осы қызмет жолын абыроймен жалғастырып келеді.

Алакөлдегі оқиғадан кейін 29 жастағы полиция қызметкері "Көшбасшы – 2026" жастар сыйлығының "Үздік жас батыр" аталымы бойынша жеңімпаз атанды.

Жақсылықтың өзі бұл ісін ерлікке баламайды. Оның айтуынша, қиын жағдайда қалған адамға қол ұшын созу – қызметтік міндет қана емес, адамдық парыз. Ал сын сағатта тайсалмай шешім қабылдап, төрт адамның өміріне араша түсу – антқа адалдықтың айқын көрінісі.

Источник: Министерство внутренних дел Республики Казахстан

Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка - https://t.me/gurkkz

  • Последние
Больше новостей

Новости по дням

Сегодня,
22 сентября 2026

Новости по теме

Больше новостей