«Миллиметрдің өзі маңызды»: астаналық дәнекерлеуші мамандығының қыр-сыры туралы айтты
Бір қарағанда металл бөлшектерін жалғау ғана болып көрінгенімен, дәнекерлеушінің жұмысы дәлдік пен үлкен жауапкершілікті талап етеді. Бір ғана қателік дайын конструкцияның беріктігіне әсер етуі мүмкін. Осы мамандықтың қыр-сыры туралы «AR-Service» тұрғын үйлерге қызмет көрсету компаниясының дәнекерлеушісі Ардақ Сүлекеев жан-жақты мәлімет берді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Дәнекерлеуші өз сөзінде жұмыс күні қалай өтетіні, негізгі міндеттері жайлы сөз қозғады.«Менің жұмысым ең алдымен жұмыс орнын дайындаудан басталады.
Күнделікті жұмысқа кіріспес бұрын дәнекерлеу аппараты мен қажетті құрал-жабдықтың барлығын тексеріп аламын.
Құралдардың дұрыс жұмыс істеуі өте маңызды. Себебі бұл дәнекерлеу кезінде қауіпсіздікке де, жұмыстың сапасына да тікелей әсер етеді. Одан кейін берілген тапсырмаға қарай жұмыс істеймін. Қажетті металл бөлшектерді өлшеп, дайындап, олардың бір-біріне тиіп, дұрыс орналасып тұрғанын тексеремін. Содан кейін ғана дәнекерлеуге кірісемін. Әр жұмыстың өзіндік ерекшелігі бар. Бір жерде ұсақ бөлшектермен жұмыс істесең, енді бір жерде көлемді металл конструкцияларды біріктіруге тура келеді.
Жұмыста ең бастысы – дәнекерлеу тігісінің сапасы мен беріктігі. Сырт көзге бәрі дұрыс сияқты көрінгенімен, тігістің сапасы нашар болса, конструкция ұзаққа шыдамауы мүмкін.
Сондықтан әр жұмысты асықпай, мұқият орындауға тырысамын. Жұмыс аяқталған соң дайын болған жерін қайта тексеріп шығамын. Дәнекерлеуші үшін істеген ісіне жауапкершілікпен қарау өте маңызды деп ойлаймын», – дейді Ардақ Сүлекеев.
Ойын жалғай отырып, салада ең маңызды қандай дағдыларға айрықша тоқталып өтті. Айтуынша, ең бастысы – ұқыптылық пен дәлдік. Дәнекерлеушінің жұмысында миллиметрдің өзі маңызды болуы мүмкін.
Бөлшектерді дұрыс орналастыру, тігісті біркелкі түсіру, металдың ерекшелігін ескеру – барлығы тәжірибені қажет етеді, дейді ол.«Әрине, дәнекерлеуші ең алдымен өз жұмысын жақсы білуі және аппаратпен дұрыс жұмыс істей алуы тиіс.
Қандай металмен жұмыс істеп жатқаныңа қарай тәсіл де өзгереді. Сондықтан тек бір әдісті білу жеткіліксіз, тәжірибе арқылы түрлі жағдайға бейімделуді үйрену керек.
Сонымен қатар қауіпсіздік ережесін сақтау – ең маңызды талаптың бірі. Бұл қызметте қауіпсіздікке немқұрайлы қарауға болмайды. Қорғаныс құралдарын пайдалану, жұмыс орнын дұрыс ұйымдастыру, аппараттың жағдайын тексеру сияқты қарапайым көрінетін нәрселердің өзі үлкен рөл атқарады.
Тағы бір қажетті қасиет – шыдамдылық. Кейде бір жұмысты бірнеше рет тексеріп, қажет болса қайта жасап шығуға тура келеді. Көп нәрсені жұмыс барысында түсінесің. Теория мен практиканың екі бөлек екенін осы мамандықтан анық көруге болады. Оқып, белгілі бір нәрсені білгеніңмен, оны іс жүзінде дұрыс орындау үшін тәжірибе керек. Сондықтан бұл мамандықта күн сайын үйренетін нәрсе бар деп ойлаймын», – дейді ол.
Сөз соңында маман дәнекерлеуші болғысы келетін жастарға ақыл-кеңесін беріп өтті.«Жастарға айтарым – бұл мамандықтан қорықпау керек. Ең бастысы, жұмысты шын ниетпен үйрену. Кез келген мамандық сияқты, дәнекерлеуші болудың да бастапқы кезеңі оңай емес.
Алғашында аппаратпен жұмыс істеу, дұрыс дәнекерлеу, тігісті біркелкі түсіру қиын болуы мүмкін.
Бірақ тәжірибе жинаған сайын қолың үйреніп, жұмысты жақсырақ меңгере бастайсың. Сондықтан тәжірибелі мамандардан үйреніп, көп жаттығу керек.
Біреудің қалай жұмыс істейтінін бақылап қана қоймай, өзің де жасап көру маңызды. Қателіктен қорықпау керек, бірақ әр қателіктен сабақ алып, келесі жолы қайталамауға тырысқан жөн.
Сол сияқты ең маңыздысы – қауіпсіздік ережесін қатаң сақтау. Бұл жұмыста қауіпсіздік бірінші орында тұруы керек. Өз денсаулығыңа да, айналаңдағы адамдарға да жауапкершілікпен қараған жөн. Қазір дәнекерлеушіні қарапайым жұмыс деп айта алмаймын. Бұл – шеберлік пен ұқыптылықты қажет ететін, тәжірибелі маманға сұранысы бар кәсіп. Өз ісіңді жақсы меңгерсең, бұл мамандықтың пайдасын да көресің. Әсіресе жұмысты сапалы орындап, тәжірибеңді арттырған сайын мүмкіндігің де көбейеді.
Жастарға айтарым – мамандық таңдағанда оның қоғамға қаншалықты қажет екеніне де мән берген дұрыс.
Дәнекерлеуші әрдайым керек мамандықтың бірі деп ойлаймын. Еңбегіңді шын ниетпен істеп, шеберлігіңді үнемі жетілдірсең, кез келген кәсіптен өз орныңды табуға болады. Өз ісіңді жақсы меңгерсең, оның жемісін міндетті түрде көресің», – деп Ардақ Сүлекеев сөзін түйіндеді.
Источник: ГУ «Аппарат акима города Астана»
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка - https://t.me/gurkkz
- Последние
- Популярные
Новости по дням
7 сентября 2026