АППАРАТ ОТЫРЫСЫ: ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің төрағалығымен аппараттық кеңес өтіп, онда зияткерлік меншік құқықтарын қорғау және контрафактілік өнімдердің айналымына қарсы іс-қимыл, күзгі әскерге шақыру науқанына дайындық, сондай-ақ, шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау мәселелері қаралды.
Қалалық Әділет департаментінің басшысы Айнұр Исабекова биылғы бірінші жарты жылдықта департамент құқық иеленушілердің өтініштері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізгенін баяндады. Тексеру қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтар анықталып, 24 әкімшілік іс қозғалған.
Тексеру барысында жалпы құны 6,1 млн теңгеден асатын 2 092 дана өнім тәркіленді. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы 2,7 млн теңгені құрады. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бірқатар әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Нәтижесінде сомасы 1,36 млн теңгеден асатын 708 өнім тәркіленіп, жалпы 216 мың теңгеден асатын айыппұл салынды.
Жоспардан тыс тексерулер тек құқық иеленушілердің өтініштері негізінде жүргізіледі. Тауар белгілерін заңсыз пайдалану әрекеті үшін заңнамада айыппұл салу, сондай-ақ, контрафакті өнімдерді тәркілеу және жою көзделген.
Қалалық Қорғаныс істері департаментінің бастығы Әбдіғабит Шегебаевтың айтуынша, Шымкентте мерзімді әскери қызметке күзгі шақыру науқаны жалғасуда. Науқан аясында Қарулы Күштер қатарына 1 337 азаматты жіберу жоспарлануда.
Ал көктемгі әскерге шақыру қорытындысы бойынша 1 119 азамат әскери қызметке жіберілді. Әскерге шақырылушылардың келуін қамтамасыз ету мақсатында хабарламалар «1414» жүйесі арқылы және шақыру қағаздары негізінде жолданады.
Бұдан бөлек, Тұран ауданында Қорғаныс істері жөніндегі жаңа басқарма ашылды. Қазіргі таңда басқарманы шақыру пункті орналасатын жеке ғимаратпен және қызметтік автокөлікпен қамтамасыз ету мәселесі қарастырылуда.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Әсет Тілемісов қалада бизнесті мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру жалғасып жатқанын хабарлады. 2026 жылғы қаңтар-тамыз айларында «1-Кепілдік қоры» бағдарламасы бойынша 102 жобаға жалпы сомасы 19,1 млрд теңге кредит беріліп, қолдау көрсетілді. Берілген кепілдіктердің көлемі 9,6 млрд теңгені құрады.
«Іскер аймақ» бағдарламасы бойынша 2,7 млрд теңге көлемінде 47 жоба қаржыландырылды, ал «Өрлеу» бағдарламасы аясында 15 жобаға 3,9 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілді. Қолданыстағы қолдау тетіктері аясындағы жобалардың басым бөлігі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.
Жыл басынан бері іске асырылып жатқан жобалардың мониторингі де күшейтілді. Жалпы сомасы 68,3 млрд теңгені құрайтын 915 жоба тексерілді. Анықталған заң бұзушылықтар негізінен қаражатты мақсатсыз пайдалану және міндеттемелерді орындамауға байланысты.
Кәсіпкерлер үшін «Бір терезе» қағидаты бойынша көрсетілетін сервистер кеңейтілуде. «Даму» филиалының базасында «Бәйтерек» бірыңғай фронт-офисі жұмыс істейді. Ол арқылы мыңнан астам кәсіпкер консультациялық көмек алды. Жаңадан бастаған кәсіпкерлер мен стартаптарға арналған «Арманнан іске» пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Сондай-ақ, қыркүйек айынан бастап Кәсіпкерлікті қолдау және сүйемелдеу орталығы жұмысын бастады.
Кеңес қорытындысы бойынша қала әкімі жауапты мемлекеттік органдарға құқық иеленушілердің құқығын қорғау бағытындағы жұмысты күшейтуді және кәсіпкерлерге жүйелі қолдау көрсетуді жалғастыруды тапсырды.
Источник: ГУ "Аппарат акима города Шымкент"
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка - https://t.me/gurkkz
- Последние
- Популярные
Новости по дням
7 сентября 2026