«Арал - Каспий магистралі»: Республикалық маңызы бар үш жобаның құрылысы басталды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпір өтті.Телекөпір барысында Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жобаны бастауға әзірлік жөнінде баяндады. Оған облыс әкімі Мұрат Ергешбаев және Сыр өңірінің зиялы қауым өкілдері қатысты. Президент көлік-логистика саласы тоғыз жолдың торабында тұрған Қазақстанның өсіп-өркендеуіне серпін беретін маңызды бағыт екеніне тоқталып, бүгін еліміз үшін стратегиялық мәні айрықша ауқымды жобалардың құрылысы басталатынын мәлімдеді. – «Жол – тіршіліктің күретамыры». Мемлекет осы саланы дамытуға әрдайым баса назар аударады. Біздің мақсатымыз – Қазақстанды Еуразиядағы негізгі транзит хабы ретінде дамыту. Мен мұны үнемі айтып жүрмін. Баршаңызға белгілі, еліміз Еуропа мен Азияны жалғайтын негізгі көпір саналады. Батыс пен Шығыс арасында құрлықпен тасымалданатын жүктің басым бөлігі Қазақстан арқылы өтеді. Сондықтан озық және заманауи көлік жүйесін қалыптастыру – алдымызда тұрған стратегиялық міндет. Жалпы, елімізде бұл бағытта көптеген шаруа атқарылып жатыр. Былтыр «Достық – Мойынты» теміржолының екінші желісі іске қосылды. Соның арқасында жүк тасымалы көлемі 5 есе артты. Сондай-ақ Алматы бекетін айналып өтетін теміржол желісі жұмыс істей бастады, нәтижесінде жүк жеткізу мерзімі айтарлықтай қысқарды. Ең бастысы, осындай ауқымды жобаларды өз мамандарымыз жүзеге асырып жатыр, – деді Мемлекет басшысы. Бұл жұмыстың бәрі Қазақстанның көлік-логистика саласындағы әлеуеті зор екенін көрсетеді.– Өткен жылы еліміздегі жалпы тасымал көлемі 6 пайызға артып, шамамен 37 миллион тонна болды. Биыл «Мойынты – Қызылжар» және «Дарбаза – Мақтаарал», ал келесі жылы «Бақты – Аягөз» теміржол желісінің құрылысы аяқталады. Бұдан бөлек, біз автокөлік саласына ерекше назар аударып отырмыз. Соңғы жылдары Қазақстанда тас жолдарды түбегейлі жаңғырту жұмысы қолға алынды. Бірқатар ірі инфрақұрылымдық жоба табысты аяқталды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай», «Қарағанды – Алматы», «Орталық – Оңтүстік», «Атырау – Астрахан», «Талдықорған – Өскемен», «Қалбатау – Майқапшағай» бағытындағы жолдар – соның айқын дәлелі. Кейінгі 5 жылда автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі екі есе артты. Былтыр осы қызмет түрінен түсетін табыс 1,5 триллион теңгеге жетті. Өздеріңіз білесіздер, еліміз арқылы 8 халықаралық дәліз өтеді. Бұл жолмен күн сайын 35 мыңға жуық автокөлік жүреді. Өткен жылы 13 мың шақырым автокөлік жолын салу және жөндеу жұмысы жүргізілді. Соның 6 мың шақырымы халық игілігіне берілді. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттері толық жаңартылады. Мұндай ауқымды жұмыс Тәуелсіздік тарихында алғаш рет жүзеге асырылып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы қазір Қазақстанның әр аймағында автожолдар жөнделіп жатқанын атап өтті.– Жақында Сарыағаш айналма жолының құрылысы мен «Жезқазған – Қарағанды» автожолын жөндеу жұмысы басталды. Сонымен қатар еліміз бойынша көптеген тұрғын үй, мектеп, аурухана, инженерлік желі салынып жатыр, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бір сөзбен, Қазақстан үлкен құрылыс алаңына айналатын болды. Бұл мемлекетіміздің өсіп-өркендеу жолына түсіп, жаңа даму кезеңіне қадам басқанын көрсетеді, – деді Президент. Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолды халықаралық ауқымдағы автожол деп атады.– Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады. Халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналады. Осы тұрғыдан алып қарасақ, біз игілігі баршаға ортақ, яғни өзіміз де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отырмыз. «Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді Мемлекет басшысы. Президент бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысатынын атап өтті. -Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз. Осындай жобалардың әрқайсысы тұтас Қазақстанның көлік жүйесімен үйлеседі. Бұған дейін негізінен солтүстіктен оңтүстікке тартылған көлік желілері, енді шығыстан батысқа қарай бағытталған жаңа тармақтармен кеңейіп жатыр. Басты мақсат – елімізді Еуропа мен Азияны жалғастыратын жетекші логистикалық желінің біріне айналдыру. Қазақстандағы автокөлік тасымалы саласы табысы жағынан теміржол көлігімен теңесті. Сондықтан жолдың құрылысын жүргізумен бірге заманауи цифрлық экожүйе құру маңызды міндет саналады. Жергілікті автоөндірісті тарта отырып, отандық тасымалдаушыларды қолдаудың ұлттық бағдарламасын қабылдау әлеуетті еселейді. Мұның бәрі Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін кеңейте түседі. Арал маңындағы иен даламен тартылып жатқан жолдар бұған дейін тұйық нүкте саналып келген бағыттарды Еуразияның негізгі көлік дәліздерінің тоғысына айналдырады. Бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды. Қажетті жағдайдың барлығы жасалып жатыр. Енді білек сыбана жұмысқа кірісу керек. Біз бір ел болып, бұл міндетті ойдағыдай жүзеге асырамыз. Мен бұған кәміл сенемін. Баршаңызға амандық, сәттілік және табыс тілеймін! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Еске салсақ, Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында республикалық маңызы бар жолдардың құрылысын тездетуді тапсырған болатын. Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы соңғы жылдары еліміз арқылы өтетін халықаралық жүк тасымалының көлемі айтарлықтай өскеніне тоқталды. -Бүгін біз Президентіміздің тікелей тапсырмасымен еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытудағы аса маңызды жобалардың басталуына куә болып отырмыз. Жүк тасымалының өсімі қолданыстағы жол инфрақұрылымын жаңғыртуды, өткізу қабілетін арттыруды және қауіпсіздік деңгейін күшейтуді талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда, бүгін басталып отырған үш жоба Қазақстанның көлік жүйесін сапалы жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Үкімет Мемлекет басшымыздың тапсырмаларын сапалы әрі белгіленген мерзімде орындау бағытындағы жұмысты жалғастырады. Бұл жобалардың уақытылы және жоғары сапалы болып іске асуы Президентіміздің бақылауында, Үкімет басшысының тұрақты қадағалауында болады, - деді.Телекөпір барысында облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Президентке аймақ тұрғындарының ризашылығын жеткізді.Айта кетейік, ауқымды жобалар толық жүзеге асқаннан кейін еліміздің негізгі халықаралық көлік дәліздері өзара тиімді байланысып, үздіксіз құрлық дәлізі қалыптасады. Жолдардың өткізу қабілеті екі есе артып, жүк тасымалдау уақыты қысқарады, логистикалық шығындар азаяды және жол қозғалысының қауіпсіздігі едәуір жақсарады.
Источник: ГУ «Аппарат акима Кызылординской области»
Подписывайтесь на наш Telegram канал, и будте в курсе всех важных событий, вот ссылка - https://t.me/gurkkz
- Последние
- Популярные
Новости по дням
3 августа 2026